Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сотта Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығының маманы жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сарапшы сотта жасөспірімнің денесіне жүргізілген тексеріс барысында анықталған жарақаттар туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Мәйітті ашу кезінде сол жақ кеуде тұсында өтпелі пышақ жарақаты анықталды. Бұл жарақат қолтық сызығы мен артқы қолтық сызығы арасында, 5-6 қабырға аралығында орналасқан. Жара плевра қуысына дейін енген. Сыртқы жараның ұзындығы — шамамен екі сантиметр. Жара каналының бағыты — арттан алға қарай, солдан оңға және сәл жоғарыдан төменге қарай бағытталған. Тереңдігі — шамамен 12 сантиметр, — деді Мұхит Қошеров соттағы жауап беру кезінде.

Сарапшының айтуынша, марқұмның оң көзі астында көгеру ізі болған. Сонымен қатар, оның қолында, желкесінде және жіліншігінде сызаттар мен көгерулер анықталған. "Желкедегі көгерудің өлшемі — 6 сантиметрге 3,5 сантиметр", — деп нақтылады ол.

Өлімнің тікелей себебі — кеуде тұсындағы өтпелі жарақат, сол жақ өкпенің зақымдануы және плевра қуысында 1500 миллилитр көлемінде қанның жиналуы (гемоторакс). Егер пышақ жарақаты болмаған жағдайда, денедегі көгерулер мен сызаттар өлімге әкелмес еді, өйткені олар үстірт жарақаттар, — деді сарапшы.

Сарапшы марқұмның тірі қалу мүмкіндігі туралы сұрақ қойылғанда, Қошеров Шерзаттың өте көп қан жоғалтқанын айтты. Оның айтуынша, шабуыл жасағандардан қашуға тырысуы қан жоғалтуды үдете түскен.

Мұндай жарақаттар көп жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетілмесе, өлімге алып келеді. Егер оған дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, операция жасалып, қан тоқтатылғанда — оны аман алып қалуға болар еді, — деп түйіндеді Мұхит Қошеров.