Еліміздің атынан Азық-түлік келісімшарт корпорациясы отандық бидай, арпа, бұршақ және майлы дақылдардың экспорттық әлеуетін таныстырды.
Қазақстан 12-14 шілде аралығында Шэньян қаласында өткен Қытай халықаралық астық сауда жәрмеңкесіне (China Grain Trade Conference) қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық оператор Қытай нарығына отандық агроөнімдерді тікелей жеткізу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
Іс-шара 2000-нан астам қатысушыны, олардың ішінде жетекші астық корпорацияларын, логистикалық компанияларды, Қытайдан және әлемнің басқа елдерінен келген ғылыми және қаржы институттарын біріктірді.
Көрме-жәрмеңке алаңдарында әлеуетті қытайлық импорттаушылармен, трейдерлермен, сондай-ақ ҚХР салалық қауымдастықтарымен келіссөздер өтті.
– Қытай астық жәрмеңкесі экспорттық мүмкіндіктерді ғана емес, сонымен қатар агроазық-түлік индустриясының соңғы әлемдік үрдістерін көрсетеді. Атап айтқанда, ірі алаңда астық өңдеудегі инновациялық шешімдер, жаңа астық жинау техникасы, азық-түлік өндірісіне арналған ауыл шаруашылығы және азық-түлік жабдықтары ұсынылды, – делінген министрлік хабарламасында.
Бейжіңдегі Азық-түлік келісімшарт корпорациясының өкілдігі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына шығаруда дәнекер рөлін атқарып, агроэкспорттаушыларға іскерлік байланыстар орнатуға және өткізу арналары мен серіктестерді табуға жәрдемдеседі. Мұндай қолдау кәсіпорындардың Қытайда орнығуына көмектеседі және сапалы астықтың сенімді жеткізушісі ретінде Қазақстанның тұрақты имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.