Жоба қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылады.
Қарағандыда тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, одан электр энергиясын өндіретін заманауи кешен салу жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңа зауыт жылына 200 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеп, бір мезгілде сағатына 20 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіруге қауқарлы болмақ.
Бұл бастама өңірдің қалдық басқару жүйесін жаңа деңгейге шығарып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздікті де күшейтуді көздейді. Құрылысқа қатысты негізгі мәселелер облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен жобаның әлеуетті инвесторлары арасындағы кездесуде талқыланды. Облыс әкімі экологиялық қауіпсіздік пен фильтрациялық жүйелердің заманауи стандарттарға сай болуы – басты шарт екенін атап өтті.
Сонымен бірге, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жобаны іске асырушы – "Қарағанды қаласы ГорКомТранс" ЖШС. Жобаға серіктес ретінде қалдық өңдеу саласында халықаралық тәжірибесі бар Shangxi CG Construction Group Co., Ltd. компаниясы тартылып отыр.
Болашақ зауыт Қарағанды қаласының бас жоспарына сәйкес, қазіргі жұмыс істеп тұрған тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағында бой көтермек. Құрылыс кезінде 100-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылып, зауыт іске қосылғаннан кейін кемінде 50 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.
– Біз қалдықтармен жұмыс істеудің тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз моделін енгізгіміз келеді. Бұл модель қалдықты сұрыптау, жою және энергия өндіру кезеңдерін толық қамтиды. Қолданыстағы инфрақұрылымға түсіп жатқан жүктемені ескерсек, мұндай шешім көптен бері пісіп-жетілген, – деді "Қарағанды қаласы ГорКомТранс" ЖШС бас директоры Марат Бимағанбетов.
Жобада қалдықтарды термиялық жолмен қайта өңдейтін озық технологиялар қолданылады. Кешен Еуропалық одақтың экологиялық талаптарына сәйкес келетін көпсатылы газтазарту жүйесімен жабдықталады.
Зауытта диоксиндер, ауыр металдар мен шаң бөлшектері секілді зиянды заттардың шығарылымын автоматты түрде бақылайтын заманауи құрал-жабдықтар орнатылады. Бұл – санитарлық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі алғышарты.
Жобаның тағы бір бағыты – қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін дамыту. Қарағандыда бүгінде пластик, қағаз, шыны сияқты қалдықтарға арналған бөлек контейнерлер орнатылған. Алдағы уақытта осындай контейнерлердің санын көбейтіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарланған.