Сондай-ақ, аналар мемлекеттік балабақшада орын тапшы екенін атап өтті.
Қызылорда қаласында жүзге жуық ата-ана балабақша төлемінің негізсіз қымбаттауына наразы. Өйткені жекеменшік бөбекжайлар ешқандай ескертусіз әр балаға төленетін тарифті бірден екі есеге шарықтатып жіберген, дейді көпшілік. Тіпті кәсіпкерлер: "Баға ұнамаса, балаларыңды алып кетіңдер" деген көрінеді. Бұған ашынған жұрт облыс әкімдігіне келіп, наразылық білдірді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Тал түсте бөбекжайда жүруі тиіс бүлдіршіндерді ата-аналар қолдарына алып, білім бөлімінің табалдырығын тоздырып жүр. Жиналғандардың айтуынша, жекеменшік балабақша басшыларының сұрап отырған төлемақысына жағдайлары жетпейді. Олар бұған дейін төлем құны 13-15 мың теңге көлемінде болғанын айтады. Алайда кәсіпкерлер енді тарифті 50 мың теңгеге дейін көтереміз деп, айды аспанға шығарды, дейді ашулы ата-аналар.
"Біреуіне 40 мың, біреуіне 50 мың теңге төле деп отыр. Менің ондайға шамам жетпейді. Өзім көпбалалы анамын. Мемлекеттік балабақшаға кіргізбейді. Оның үстіне оларда тасымал қызметі жоқ. Орын тапшы", – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Әмина Тәттібайқызы.
"Мен оны көтере алмаймын. Бір ғана жәрдемақыдан басқа табысым жоқ. Қолымдағы қызым кішкентай. Қазір небір жағдайлар болып жатыр. Балаңды тастап жұмыс істесең, не үйің өртеніп кетеді, не балаң секіріп кетеді. Маған ондай тәуекел керек емес", – деді қала тұрғыны Махаббат Сайлыбаева.
Ата-аналардың айтуынша, жекеменшік балабақша иелері мемлекеттен берілетін қаражат көлемінің қысқарғанын алға тартып, төлемақыны көтеруге мәжбүр болғандарын айтқан. Алайда соның салдарынан қарапайым халықтың қалтасы қағылып отыр, дейді жиналғандар. Бағаны бақылауға алуды талап еткен тұрғындар білім бөлімінің ғимаратына баса-көктеп кіріп, наразылық білдірді.
Талап-тілектеріне жауап беретін бірде-бір шенеунік болмаған соң, ата-аналар балаларын жетектеп облыс әкімдігіне де барды. Ал білім басқармасының өкілдері бөбекжайларға бюджеттен бөлінетін қаражат көлемінің қысқарып жатқанын жоққа шығармайды. Алайда олардың айтуынша, кәсіпкерлердің төлем құнын көтеруге еш негіз жоқ.
"Родсносты көтеру бойынша қазір жеке балабақшаларға қаулы дайындалып жатыр. Бірақ ол әлі күшіне енген жоқ. Қазіргі кезде бекітілген жоба бар. Ертең ол шектен асып кетсе, әр жеке балабақша жауап береді, заң аясында жауапкершілікке тартылады", – деді Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатов.
Жауаптылардың айтуынша, мемлекеттен бөлінетін қаражат тек бөбекжайды күтіп-ұстауға жұмсалуы тиіс. Сондықтан бүлдіршіндердің төлемақысын заңсыз қымбаттатқан кәсіпкерлерді қатаң бақылауға аламыз деп сендірді.