Астанада Перизат Қайратқа қатысты сот отырысының алғашқы күні қорытындыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сотта судья Сабыржан Кәрімов Перизат Қайратқа куәгерге қысым көрсетпеу керектігі туралы ескерту жасады.

– Айыпталушы Перизат Қайрат қайталап айтамын, сіз қазір куәгерге өз пікіріңізді таңып отырсыз. Куәгерге қысым көрсетпеуіңізді сұраймын. Егер сұрақтарыңыз қайталана берсе, сот оларды алып тастайды, –деді судья Сабыржан Кәрімов.

Перизат Қайрат өз кезегінде куәгер бетке қарап тұрып жалған жауап беріп жатқанын айтып, жылап жіберді.

– Айыпталушы, мен сізге түске дейін екі рет түсіндірдім ғой. Сұрақ қойдыңыз ба? Жауабын тыңдаңыз, содан кейін келесі сұрақты қойыңыз. Сіздің өзіңізге ыңғайлы жауап алғыңыз келіп тұрғаны байқалып тұр. Сот отырысының белгіленген тәртібі бар. Куәгердің шын немесе жалған жауап беріп отырғанын сот анықтайды. Эмоцияға беріліп, дауыс көтерудің қажеті жоқ, – деп түсіндірді судья.

Сот отырысы 2025 жылы 15 шілдеде сағат 10:00-де жалғасады.