Журналист Амангелді Батырбеков блогер Нұрдәулет 8 жыл бұрын мемлекеттен мал бордақылауға 48 милионын алып, бірақ мал да, ақша да жоқ екенін айтты.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Инстаграмда nnnurdaulet деген «подписчигі» 5 миллион бір кентаулық блогер інішек бар.

Енді оның парақшасына бір кірсең шыға алмайсың.

Өзінің айналыспайтын ісі, мінбейтін мәшинесі жоқ екен.

Ақшасының көптігі соншалық, қайырымдылық та жасап видеоларын салып қойыпты.

Сол nnnurdaulet осыдан 8 жыл бұрын мемлекеттен мал бордақылауға деп 48 миллион теңге субсидия алған екен.

Бірақ, не мал жоқ, не ақша жоқ.

Оны қайдан білдік дейсіздер ғой?

Қазіргі таңда бюджеттің мал бордақылауға бөлген миллиардтаған субсидиясын жымқырған «Яссы несиеге» қатысты облыстық «ДЭР» тергеген қылмыстық іс Кентау қаласының сотында қаралып жатыр.

Сол қылмыстық іс бойынша 30-дан аса адамға айып тағылса, сол айыпталушылардың ішінен қылмысты ашуға тергеуге белсене көмектескені жалғыз Мұхтар Сыздықов.

Мұхтар Сыздықовтың қолындағы сол қылмыстық істегі біраз құжаттардың көшірмесімен танысқанымда, nnnurdaulet те 48 миллионды жымқырғанын көзім шалып қалды.

Содан ол туралы бірден құзырлы органдарға хабарлаған едік.

Алайда, ол органдар бүгінгі таңға дейін үнсіз.

Иә, nnnurdaulet бұдан 8 жыл бұрын әлі ешкім танымайтын бозбала кезінде, бәлкім, 48 000 000 теңгені жымқырса жымқырған шығар?

Дәл қазір бар ма, оған 48 000 000 теңге ақша емес, анау мініп жүрген машиналарының доңғалақтарының құны ғана ол.

Керек болса nnnurdaulet сол 48 миллионды әр жылдық үстемесімен мемлекетке қайтарып бере салуға да шамасы жетеді, қазір.

Менің таңғалып отырғаным құзырлы органдар неге үнсіз?”, — деп жазды журналист.