Үкімет басшысы Олжас Бектенов Phygital International басшысы Рене Фазелмен кездесті.
Премьер-министр Олжас Бектенов Phygital International компаниясының негізін қалаушы, доктор Рене Фазелмен және ұйымның бас директоры Нис Хаттпен кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Онда фиджитал-спортты физикалық белсенділік пен цифрлық технологияларды біріктіретін перспективалық бағыт ретінде дамытуға назар аударылды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын баяндады.
ҚР Киберспорт федерациясының деректеріне сәйкес, бүгінде 1,5 млн-нан астам қазақстандық белсенді түрде киберспортпен айналысады.
Жоғары технологиялық халықаралық іс-шараны Астанада ұйымдастыру жастар арасында жаңа спорттық форматтардың танымалдылығын арттыруға ықпал етпек.
Кездесуге қатысушылар фиджитал-спортты дамыту бойынша ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ниеттерін жеткізді.
А Н Ы Қ Т А М А: Phygital International әлемнің 98 елін қамтитын Phygital Дүниежүзілік қауымдастығымен (WPC) серіктестікте жұмыс істейді. WPC фиджитал-пәндер үшін ережелер мен стандарттарды әзірлеумен, "Болашақ ойындары" (games of the Future) халықаралық турниріне қатысу үшін өңірлік және ұлттық іріктеу турнирлерін ұйымдастырумен айналысады. Спорт, цифрлық технологиялар және маркетинг сияқты әртүрлі салалардағы мамандардың басын біріктіреді.