Қазақстан азаматтығын алуды жеңілдететін құжат жобасы талқылауға шығарылды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан азаматтығын алғысы келетін және қалпына келтіргісі келетін шетелдіктерге қойылатын мемлекеттік тілді білу талабын жеңілдететін бұйрық жобасын "Ашық НҚА" порталына шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Жобаны қабылдау Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлерді тестілеудің әрбір пәні бойынша сұрақтар санының максималды тең қатынасын қамтамасыз етуге және шекті деңгейді 10%-ке төмендетуге мүмкіндік береді, – деп жазылған құжаттың түсіндірмесінде.

Құжаттың ресми атауы – "Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу көлемін бекіту туралы" бұйрық. Осы бұйрықтың жаңа редакциямен жазу ұсынылып отыр.

– Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде 15 (он бес) балдан кем емес, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін 20 (жиырма) балдан кем емес, сондай-ақ Қазақстан тарихын 15 (он бес) балдан кем емес білу көлемі бекітілсін, – делінген жаңа редакция жобасында.

Айта кетейік қазіргі уақытта қазақ тілін бастауыш деңгейде білу кемінде 36 балл, ал Конституция негіздерін білу 9 баллдан кем емес.

Қазақстан тарихын білу деңгейіне қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады.

Жоба 25 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.