Бүгін Астанада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева ісі бойынша басты талқылау басталды.
Қылмыстық істі Сабыржан Кәрімов қарап жатыр. Судьяның шешімімен залынан тікелей эфир жүргізуге болмайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
9 шілде күні Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.
Судья шешіміне сай сот процесі ашық өтеді, бірақ банк құпиясын құрайтын деректерді қосқанда басқа да құпия ақпарат жария етілмейді. Сондай-ақ айыпталушылардан жауап алу процесі ешкімге көрсетілмейді.
– Қайрат пен Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі ашық өтіп жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуына шектеу қойылмаған. Бүгінгі күнге дейін БАҚ-тың 70-тен астам өкілі қатысуға өтініш берген.
Алайда сот сотталушылардың өтініші бойынша олардан жауап алу кезінде, соның ішінде түсініктемелер беру барысында және дәлелдемелерді зерттеу кезінде жариялылықты шектеу туралы шешім қабылдады. Себебі бұл мәліметтер құпия ақпаратты жариялауға әкеп соғуы мүмкін, – деп мәлімдеді судья.
Бұған дейін Перизат Қайрат Астанадағы сот процесінде өзін тергеу изоляторы қызметкерлері соққыға жыққанын айтып, өзіне қатысты айыпты мойындамайтынын мәлімдеген болатын.