Жезқазған қаласында Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары», «Алтын сапа» республикалық байқау-көрмесінің және «Бір ауыл – бір өнім» мемлекеттік бағдарламасының Ұлытау облысы бойынша аймақтық кезеңі өтті. Іс-шараны Ұлытау облысының әкімдігі мен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көрме байқау – отандық тауар өндірушілердің жетістіктерін көрсетіп, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау мақсатында маңызды алаң болды.

Көрмеге 70-ке жуық ұлытаулық кәсіпкер қатысты. Олар өнеркәсіп, азық-түлік өнімдері, былғары, киіз, күміс бұйымдары, ұлттық киімдер мен халық тұтынатын тауарлар секілді түрлі өнімдерін ұсынды.

«Бір ауыл – бір өнім» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті шаруа қожалықтары өз өнімдерін әкелді. Бұл бастама ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыруға бағытталған.

Облыс тұрғындары мен қонақтары өңірлік отандық өндірушілердің өнімдерімен танысып қоймай, өздеріне ұнаған тауарларды сатып алды.

Көрме қатысушыларға өз өнімдерін көпшілікке таныстырып қоймай, тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыс орнатуға және бизнесті дамыту бойынша өзекті мәселені талқылауға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде тоғыз кәсіпорын үздік деп танылды. Атап айтқанда: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС, «Казтехфильтр» ЖШС, Жезтемiр Бетон-2 ЖШС; «Халық үшін үздік тауарлар» аталымында «Алтаева А.Р.» ЖК, TAZA ALEM BEREKE мүгедектер ұйымы ҚБ, Байтасов ЖК; «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «ULY DALA CO» ЖШС, Сәтбаев қаласындағы минералды және жеміс сулары зауыты ЖШС, БЕК «Хан тағамы» ЖК.

Аталған кәсіпорындар бағалы сыйлықтармен марапатталып, республикалық байқауға жолдама алды. Аймақтық кезең жеңімпаздары Ұлытау облысының атынан республикалық көрмеге қатысып, Астана қаласында өңір намысын қорғайды.

Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова:

««Қазақстанның үздік тауары», «Алтын сапа», «Бір ауыл – бір өнім» байқаулары — жергілікті бизнес үшін өз жетістіктерін көрсетуге, жаңа серіктестер табуға, өткізу нарығын кеңейтіп, тұтынушылар ауқымын ұлғайтуға үлкен мүмкіндік» дейді.

Ұлытау облысы