Биыл Балқашқа 160 мыңнан астам қонақ келеді деп күтіліп отыр.

Қарағанды облысының әкімдігі өңірдегі туристік маршруттар желісін кеңейту, Балқаш курорттық аймағын дамытуға қатысты жоспарымен бөлісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әкімдік Балқашта жағалауды абаттандыру, қала жағажайын жаңғырту және қонақтарды орналастыруға арналған жаңа нысандар құру бойынша жобалар іске асырылып жатқанын хабарлады. Шағын қалада су құбыры желілерін қайта жаңарту жүріп жатыр.

Бұдан өзге Тораңғалық және Шұбартүбек туристік ауылдарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 28 шақырымнан асатын Балқаш-Торанғалық магистральды суағары салынып жатыр.

Әкімдік ақпаратына сай, соңғы жылдары Балқашта қонақүй кешендері салынып жатыр. 2025 жылдың басынан бастап 2 демалыс аймағы мен бір қонақүй пайдалануға берілген, жыл соңына дейін тағы 3 туристік нысанның құрылысы аяқталады.

– Қазір біз 3 және 4 жұлдыз санаттағы нысандарды ашқан кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіп, Қонақжайлылық мектебі аясында қызметкерлерді оқытуды жоспарлап отырмыз. Инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – дейді Балқаш әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов.

Одан бөлек Балқашта теміржол вокзалы мен әуежайды жөндеу жалғасуда. Бұл жолаушылар ағынын 30%-ға ұлғайтып, жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.

Алматы – Екатеринбург тас жолында орналасқан Бектау-Ата-Балқаш учаскесінде дәмхана, супермаркет, ТҚС, ЖҚС және жол бойындағы басқа да қызмет көрсету нысандарының құрылысына учаскелер бөлінген.