8 маусымда Павлодардың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қаладағы мейрамханада өткен ұзату тойынан кейін бірнеше адамның жедел ішек инфекциясымен ауруханаға түскені жөнінде жедел жәрдемнен хабарлама алды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сол күні эпидемиологиялық тексеру басталып, зертханалық сынамалар алынды. Тексеру барысында анықталғандай, аталған мейрамхана рұқсат құжаттарсыз жұмыс істеген.
9 маусымда мекемеге қызметін тоқтату туралы қаулы табысталғанына қарамастан, мейрамхана жұмысын жалғастырған. Тек сол күні, яғни 9 маусымда 18 адамнан жедел ішек инфекциясы диагнозымен түскендігі туралы хабар келіп түскен.
Сот отырысында жеке кәсіпкер Ж кінәсін толық мойындап, бұл жағдайдың алғаш рет және абайсызда болғанын айтып, соттан бұл жайтты жеңілдететін жағдай ретінде ескеруді сұрады. Сот Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес, Ж-ны әкімшілік жауапқа тартып, 275 240 теңге айыппұл салу және “B” мейрамханасының қызметін бір ай мерзімге тоқтату жөнінде шешім шығарды.
Айта кетейік, сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.