Павлодарда жаңбыр суы жиналатын кәрізді тазалау кезінде жергілікті кәсіпорындардың бірінің қызметкері қаза тапты. Оның өліміне не себеп болғанын полицейлер анықтап жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 12 шілдеде таңертең Назарбаев даңғылы 17/1 мекенжайында болған.

"ЖШС-тердің бірінде жұмыс істейтін қызметкер жаңбыр суы жиналатын кәріз құбырларын тазалау кезінде басынан жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Ер адамда қорғаныс каскасы болмаған. Абайсызда адам өліміне әкеліп соққан еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиғаға байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы да тергеу жүргізетін болды.

"Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Арнайы тергеу ұйымдастырылды", – деді Tengrinews.kz тілшісіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асқар Қапанов.

Қаза тапқан азамат жеке мердігер ұйымдардың бірінде жұмыс істеген 51 жастағы жұмысшы екені анықталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget