Техас штатының полициясы Сан-Антонио қаласының 52 жастағы тұрғынын АҚШ президенті Дональд Трампты өлтірем деп Facebook желісінде қоқан-лоқы көрсеткені үшін қамауға алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Техастың Батыс округі прокурорының кеңсесі таратқан мәліметке сүйенсек, Роберт Эррера есімді америкалық 2025 жылғы 10 шілдеде әлеуметтік желіде Трампқа қатысты қауіп төндіретін жазба жариялаған.

"Ол Трамптың Техасқа сапары туралы постқа пікір қалдырып, 2024 жылғы қастандық кезінде түсірілген суретін жариялап, астына "Мен бұл жолы мүлт кетпеймін" деп жазған. Тағы бір пікірге қарудың суретін тіркеген", – делінген прокуратура хабарламасында.

Эррераға АҚШ президентіне қауіп төндірді деген айып тағылып отыр. Егер ол кінәлі деп танылса, әрбір айып бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа алғашқы қастандық 2024 жылдың жазында, Пенсильвания штатында сайлауалды сөйлеп тұрған кезінде жасалған. Ол кезде құлағынан жараланып, екі адам жарақаттанып, бір көрермен қаза тапқан еді.

Екінші әрекет 2024 жылдың қыркүйегінде, Флоридадағы гольф-клубының маңында тіркелген.

Айта кетейік, 2025 жылғы 11 шілдеде Бразилияның ең ірі қаласы Сан-Паулуда тұрғындар АҚШ президенті Дональд Трамптың чучелосын қоғам алдында өртеп жіберді. Мұндай әрекетке АҚШ басшысының бразилиялық тауарларға 50% кедендік тариф енгізу туралы мәлімдемесі себеп болған.