Кіші теңіздің айдыны толғалы Аралда балық шаруашылығына қатысты өндіріс орындары ашыла бастады. Қазір азаматтар өңір өндірісін әртараптандыру қамымен жүр. Соның дәлелі – жақында ғана ауданда ашылған, тұрмысқа қажетті ұнтақтар өндіретін «Ase Іnvest» зауыты.

Өндірісті ашқан азаматтар әуелі саланы екі жылдай асықпай зерттепті. Түркияға барып, мамандармен тәжірибе алмасқан. Ең бір тиімді тұсы – қажетті шикізаттың 60%-дан астамы осы Аралдан табылғаны. Аудандағы тұз кен орнындағы натрий хлориді қоспасы қажет­теріне жарады. Қалған 40% шикізатты Түркиядан жет­кізіп отыр. Былтыр «Даму» қо­рының қолдауымен жеңіл­детілген субсидия алып, көптен жоспарлаған жобасын іске асы­руға кірісті. Зауыт директоры Жұбаныш Аманжолов бұрын фар­ма­цевтика саласында жұмыс іс­теп, коммерциялық нысандар­ды жалға берумен де айналысып­ты.

«Дегенмен отандық өнді­рістің орны бөлек қой. Оны өміршең қылу өзімізге байланысты. Осы істі бастамас бұрын Түркияға тапсырыс беріп, гигиеналық заттар шығардық. Біраз тәжірибе толыс­тырып, мемлекет қолдауымен іс бас­тап жатырмыз. Алда ыл­ғал майлықтар шығаратын тағы бір қондырғы орнату жос­парда бар. ТМД елдерінде то­лық автоматтандырылған ондай желінің баламасы жоқ. Қара­жатын төлеп, қондырғының келуін күтіп отырмыз. Қазір 10 адамды жұмыспен қамтып, тәулігіне 22 тоннаға дейін өнім шығара­мыз. Әр ауданға кедер­гісіз же­т­кізіліп жатыр. Біздің өнімді тұтынатындар қата­рында Алматы мен Астана да бар», дейді Жұбаныш Аман­жо­лов.

Тұрмыстық химия нары­ғында отандық өндірушілер аз. Мысалы, осы зауыт – бұл бағыттағы елі­міздегі үшінші зауыт.

Арал­дағы өндіріс орны өкіл­дері Аста­нада көрмеге бар­ғанда бұрын жұмыс істеп тұрғандардың өзі сұйық түрін ғана шығаратынын байқапты.

Зауыт директоры құрғақ ұн­тақтың технологиялық үдерісі күрделі екенін айтады. Сондықтан біздің тұтынушылар қолданатын осы өнімнің 97%-ы сырт мемлекеттерден келеді.

«Біздің бастама – импортты алмастыратын жоба. Осы арқылы Ресейден келіп жатқан өнімдер үлесін азайтқымыз келеді. Тағы бір айта кетерлігі, біз октан саны бойынша 15 активке дейін өнім шығара аламыз. Сырттан осындай сападағы тауар келсе кедендік баж салығынан оның құны аспандап, ешкім алмай қояды. Сондықтан олар октан саны бар болғаны 5 активтік өнімін кіргізіп отыр. Соның өзінде бағасы олардан 3 есе сапалы біздің тауармен бірдей. «Easy Life» және «Aral» брендтерімен шығатын біз­дің өнім бәсекеге қабілетті деп сеніммен айта аламыз. Астана қаласында өткен көрмеге апар­­ған 3 тонна тез өтіп кетті. Алда отандық өндірушілердің бірыңғай реестрі қалыптасса, жұмысымыз жандана түседі деген үміт бар», дейді кәсіпкер.

Өңірде 2022–2024 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға түрлі көздерден 206 млрд теңге инвестиция тартылып, 16 700 жоба қаржыландырылған. «Ase Invest» – осындай қолдау нәтижесінде жұмысын бастаған жобалардың бірі. Жергілікті шикізатты пайдаланып, өңдеу өнеркәсібінің дамуына үлес қосатын өндіріс орны жергі­лікті азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Ылғал майлық шығаратын қондырғы іске қосылғанда, зауыт жұмысшыларының қатары 30 адамға жетеді.

Қызылорда облысы,

Арал ауданы