Мемлекетке қайтарылған активтерді басқаратын компания коллекциялық монеталар мен зергерлік бұйымдарды аукцион арқылы сатуға шығарды. Жалпы бастапқы құны – 67 339 496 теңге, деп жазады Egemen.kz.
Сатылымға қойылған бағалы заттардың ішінде «Қазақтың ұлттық ойындары мен дәстүрлері» сериясынан шығарылған күміс монеталар бар. Атап айтқанда, «Бата», «Беташар» және төрт дана «Сүйіндір» монеталары ұсынылған. Сонымен қатар екі дана «Шыңғыс хан» және бір дана «Chinggis Khan әскерлері» атты 500 теңгелік монеталар да бар.
Барлық заттар жаңа күйінде сақталған, көбі түпнұсқа қорабымен немесе арнайы футлярда ұсынылып отыр.
Аукцион мемлекет меншігіне қайтарылған активтерді іске асыру шеңберінде өткізіліп жатыр. Ресми құжаттарда бұл бұйымдардың нақты иесі көрсетілмегенімен, олардың Қайрат Сатыбалдымен байланысы болуы мүмкін деген болжам бар.
Еске салсақ, 2024 жылы Қазақстанның Бас прокуратурасы Қайрат Сатыбалды мен оның айналасынан жүздеген миллион теңге тұратын 174 сән-салтанат бұйымын – эксклюзивті әшекейлерді, брендтік сағаттар мен сирек кездесетін коллекциялық монеталарды тәркілегенін хабарлаған еді.