ЮНЕСКО-ның мате¬риалдық емес мәдени мұралар тізіміне "Салбурын" дәстүрі мен "Алпамыс батыр" эпосын енгізу мәселесі пысықталып жатыр .

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "Егемен Қазақстан" басылымындағы "Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі" мақаласында қазақ тарихын зерделеу мен дәріптеуде назар аудару қажет мәселелерге тоқталды.

Ерлан Қариннің жазуынша, Қазақ жерінде біздің жыл санауымызға дейінгі замандарда-ақ түрлі тайпалар ән­шейін саяси, әскери, я шаруашылық бір­лес­тіктер емес, орталықтандырылған билік жүйесі бар, иерархиясы мен таптық бө­лінісі нақтыланған толыққанды мемле­кет­тер болған. Көнеден келе жатқан мем­лекет­ті­гіміздің тұғыры саяси құрылымдарға, орталық билік жүйесіне ғана емес, ор­тақ құндылықтарға, рухани-мәдени біре­гейлікке негізделді. Сондықтан тарихы­мызды зерделеп, дәріптегенде қазақ жерінің ежелгі және ортағасырлық қуатты мемлекеттердің мекені ғана емес, ең бастысы, бірегей көшпенділер өркениетінің алтын бесігі екеніне баса назар аудару керек.

"Қазақ жеріндегі ежелгі кеніштер мен кен байыту орталықтарынан бұл аймақта метал­лургияның қаншалықты жоғары дамы­ғанын айқын аңғаруға болады. Ежел­гі көшпенділер Еуразия кеңістігіндегі теңдессіз мәдениеттің иесі болды. Адам­зат баласы ең алғаш жылқыны қолға үй­реткен жер екені ғылыми тұрғыда дә­лелденген Ботай қонысы, қуатты мем­ле­кеттердің әміршілері – Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Аралтөбедегі Сармат көсемі, Шығыс Қазақстандағы Шілікті әміршісі, Берел ханшайымы мен Елеке сазы дегдары және басқа да теңдессіз тарихи мұралар қазақ жерінде есте жоқ ескі замандардың өзінде жоғары дамыған өркениет болғанын көрсетеді", – деп жазды Ерлан Қарин.


Оқи отырыңыз: Ерлан Қарин Қазақстан тарихының жеті томдығы көп ұзамай жарыққа шығатынын хабарлады


Оның айтуынша, қазақтың төл тарихына тікелей қатысы бар көне жәдігерлер қазіргі Қазақстан жерімен ғана шектелмейді. Арғы бабалардың қаншалықты кең аумақты ен жайлап, еркін билеп төстегенін көрсететін балбал тастарды алып құрлықтың барлық қиырынан көруге болады.

"Кезінде тарихпен айналысып жүр­генде осы балбалдарды өзім де зерт­тегенмін. Бастапқыда Орхоннан Дунайға дейінгі кең-байтақ алқаптағы көне ескерткіштерді зерттеуге ұмтылып, кейін уақыттың тар­лығына байланысты Орхоннан Каспийге дейінгі аралықпен шектелуіме тура келді. Жинаған материалдарым "Ұлы даланың тас сақшы­лары" деген атаумен жарыққа шықты. Расымен, басынан аяғына дейін сан мың шақырымдық ұлан-ғайыр далада шашырай орналасқан балбалдар бір кезде бабаларымыз иелік еткен аумақтың шекара шебі іспетті көрінеді. Асқан шеберлікпен қашалған тас мүсіндер кейінгі ұрпаққа аманат еткен жерін қорғап, күзетіп тұрған батырлар сияқты әсер қалдырады", – деді мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин мақаласында қазақ даласының мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық және материалдық емес мұраларының тізіміне, сондай-ақ, "Әлем жады" ті­зіміне енгізу бойынша жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.


Оқи отырыңыз: "Хандар шежіресі" қолжазбасы ЮНЕСКО-ның халықаралық "Әлем жады" тізіміне енді


Бұл ретте мемлекеттік кеңесші жақында Маңғыстаудағы жерас­ты ме­шіт­терін материалдық мұралар тізіміне қосу туралы өтініш жолданғанын, ал мате­риалдық емес мәдени мұралар тізіміне "Салбурын" ұлттық дәстүрін және "Алпамыс батыр" эпосын енгізу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

"Бірақ осы халықаралық ұйыммен ын­тымақтастықтың тағы бір қыры бұған дейін назардан тыс қалып келді. Қазір қазақ тарихынан сыр шертетін деректі мұ­рамызды ЮНЕСКО-ның "Әлем жады" ті­зіміне енгізу жұмыстарын қолға алдық. Кезінде тізімге Қожа Ахмет Ясауи­­дің және оның ізбасары Сүлеймен Бақырғанидың қолжазбалар коллекциясы (2003 жылы), "Невада-Семей" халықаралық ан­тиядролық қозғалысының аудио-ви­зуал­ды құжаттары (2005 жылы), Арал те­ңізінің архив қорының материалдары (2011 жылы) қосылған. Содан кейін жұмыс біраз жыл тоқырап қалған еді. Мем­лекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында жұмысты қайта жандандыру туралы нақты тапсырма берді. Тиісті шаралар қолға алы­нып, биыл сәуір айында ЮНЕСКО-ның деректі мұралар тізіміне "Хандар шежі­ресінің" қолжазбасы ресми түрде енгізілді. Осының бәрі қазақ даласының қайталанбас өркениет ошағы екенін дәлелдей түседі", – деп жазды Ерлан Қарин.