Бүгін Алматы қаласындағы №8 қалалық клиникалық ауруханасының ұжымы Республика күнін ерекше өткізді. 50 шақты ұжым қызметкері ел тарихының бастауы — тәуелсіздік символына саяхат жасау үшін «Есік» мұражай-қорығына жол тартты, деп жазады Egemen .kz.
Алдымен Алматыдан Есікке дейінгі жол шамамен бір сағатқа созылатынын,
Іле Алатауының етегінде ондаған ежелгі қорған орналасқанын айта кеткен жөн.
Сонау 1969 жылы археологтар осы маңнан сақ жауынгерінің қабірін тауып, ол тарихта «Алтын адам» ретінде танымал екендігі баршамызға белгілі. Бүгінде осынау тарихи жәдігер — Қазақстанның ұлттық нышаны іспетті.
Сонымен ерекше сапар барысында медицина қызметкерлері экскурсия жетекшісінің әңгімесін қызыға тыңдап, сақтардың тұрмысы, дәстүрі мен дүниетанымы туралы сауалдар қойды. Көпшілік үшін Есік қорғанынан табылған көне жазуы бар күміс шыны туралы есту де қызықты еді. Өйткені, ғалымдар оны түркі жазуының алғашқы нұсқасының бірі деп есептейді.
«Тарих әрдайым алыста сияқты, бірақ оны өз көзіңмен көргенде басқа әсер аласың. Біз заманауи технологиялармен жұмыс істеуге әдеттенгенбіз, ал мұнда кез келген ғылымның түп-төркіні — тарихты, жәдігерлерді бағалап, көздің қарашығындай сақтауда екендігін түйсінесің», — дейді №8 ҚКА бас медбикесі Айнұр Шахаманова.
«Біз өмірдің соншалықты нәзік екедігін жиі сезініп, шын мәнінде бағалаймыз. «Есік» мұражайында тарих пен медицина арасында өзіндік ұқсастық бар. Екеуінің де мәні — сақтау: есте сақтау мен өмірді сақтау», — дейді ота жасау бөлімнің аға медбикесі Жанна Аққұлақ.
Бүгінде «Есік» мұражай-қорығында
«Алтын адамға» арналған экспозициядан да бөлек, сақтарға қатысты жәдігерлер, қорған макеттері, ескі қоныстардың орындары бар.