Лондонда шөп төсенішті корттарда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Уимблдонның алғашқы жартылай финалистері анықталды.

17 жастағы қазақстандық теннисші Әмір Омарханов ресейлік серіктесі, 18 жастағы Егор Плешивцевпен бірге Уимблдон турнирінің жұптық сынында жартылай финалға жолдама алды.

Ширек финалда олар Оңтүстік Африка өкілі Коннор Дойг пен үндістандық Крииш Тияги дуэтін 6:4, 7:6 есебімен жеңді.

Әзірге Әмір мен Егордың жартылай финалдағы қарсыластары анықталған жоқ.

Бұған дейін Әмір Омарханов жекелей сында жарысты аяқтаған болатын. Сонымен қатар, турнирдің алғашқы кезеңінде қазақстандық теннисшілер Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай жарыстан шығып қалды.

Қазіргі таңда Әмір Омарханов жастар арасындағы Уимблдон жарысының негізгі кезеңінде өнер көрсетіп жатқан жалғыз қазақстандық спортшы.

Омарханов – Қазақстан теннисі тарихында жасөспірімдер арасында осындай табысқа жеткен үшінші спортшы. 1997 жылы Ирина Селютина зимбабвелік Кара Блэкпен бірге Франция ашық чемпионаты мен Уимблдонда үздік шыққан еді. Сондай-ақ Әмина Рахым 2005 жылы Ролан Гарростың финалына, АҚШ чемпионатының жартылай финалына дейін жетті. Бір жылдан кейін Аустралия біріншілігінің жартылай финалында ойнады.