Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылындағы жанар-жағармай бекетінде жарылыстан кейін шыққан өрттен зардап шеккен жанармай тасушы көлік жүргізушісінің хәлі әлі де ауыр. Дәрігерлердің айтуынша, науқас жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ал жарылыс болған жанар-жағармай бекеті мен өрт шарпыған оның айналасындағы ғимараттардың күл талқаны шыққан. Ал тұрғындар мең-зең күйде жүр. Мамандар қазір жарылыстың неден болғанын анықтап жатыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

7 шілде күні Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылындағы жанар-жағармай бекетінде жарылыс болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жанармай тасымалдайтын көліктен бензин құю кезінде газ жарылып, арты жалынға айналған.

Лап берген жалыннан ауыл тұрғындары шошып қалған. Олардың айтуынша, бесінде шыққан өтті сөндіруге төтеншеліктермен бірге ауыл тұрғындары да атсалысқан.

Абай Мошқалов, Тұрбат ауылының тұрғыны: «Мен үйде отырғанмын ол кезде. Кәдімгі пах деген дауыс шықты. Мен ойладым біреу мылтық атты ма, не пәле деп? Бірақ даусы қатты шықты оның. Үйде отырғанмын кейін бір қарасам аспаннан қара түтін пайда бола бастады. Сөйтіп сыртқа шықтым. Сыртқа шықсам, көршімнің баласы шауып үйіне келді. Сұрасам, заправка өртенді деді. Келсек қара түтін. Ол кезде мына үйлерге онша өтпеген еді. Кейін өтіп кетті ғой. Үйге, бер жағындағы магазиндерге өтіп кетті. Обал болды ғой, қанша адамға зиянын тигізіп отыр ғой».

Хикаят Юлдашева, Тұрбат ауылының тұрғыны: «Шықсам, енді қара түтін. Адам көріп болмайды. Мына жерде машина, шыққан өрт ана үйге өтті, сосын магазиндерге, кейін бізге қарай ұрды ғой. Құдайдың өзі сақтады, көпшілікпен өшіріп алды. Бірақ жаман болды енді, білмедім. Барлық нәрсе оттай күйіп қалды ғой. Сол енді көрген-білгенім сол. Содан кейін пожарный келді. Мен айттым көп болып келмейсіңдер ме? Жоқ Тұрбаттың халқы жабылып өшірді бәрі. Әліге дейін өшкен жоқ қой, әлі тұтап тұр. Сағат төртте бір нәрсе паң етіп жарылды. Сол машине жарылған екен да. Содан сол кешке шейін жүрдік қой. Он екі бірге шейін жүріп”.

Әп-сәтте лап берген өрт жанар-жағармай бекетімен қоса сол маңдағы жеке тұрғын үй мен сауда орындарын, дәріхананы шарпыған. Қазір айнала күл талқаны шығып жатыр. Қыз-қыз қайнап тұрған ауыл ішін өлі тыныштық басқан. Өртке оранған бекет те, өзге де ғимараттар қираған, қап-қара түтіннің ізі қалған. Айнала қызыл лентамен қоршауға алынған, өрт болған аймақты полиция күзетіп тұр.

Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті жарылыс кезінде 29 жастағы жанармай тасушы көліктің жүргізушісін күйік шалғанын мәлімдеген еді. Дәрігерлердің айтуынша, ол Шымкент қаласының тұрғыны. Жағдайы әлі де ауыр.

Махмұт Тәшімбетов, Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінің меңгерушісі: «Науқас 7 шілде сағат 16:41-де жан сақтау бөліміне тікелей келіп түсті. Күйік жарақатын алған. Яғни, түскен кездегі диагнозы термический ожог түсті. Түскен кезде барлық протоколға сәйкес жүргізілді. Керекті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп жатыр. Қазіргі жағдайы өте ауыр. Себебі, күйік жарақаты 70 пайыз. Ол өте ауыр болып саналады. Бұл науқасқа санавиация желісімен Шымкент қаласынан реаниматолог мамандары келіп, кеңес алынды”.

Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментініің дерегінше өрттің жалпы ауданы 855 шаршы метр. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған. Бұрын хабарлағанымыздай, оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімі мен зерттеу өрт-сынақ зертханасы жұмыс істеген. Өртті сөндіруге облыс және Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қырықтан аса қызметкері тартылған.