Танымал журналист Нұрсейіт Жылқышыбай самбодан әлемдік деңгейдегі бірнеше доданың жүлдегері Айсара Керімбекованың бүгінгі жағдайын көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеода самбодан әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, КСРО кубогінің күміс жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Айсара Керімбекованың 20 жылдан астам уақыт көше сыпырып жүргені айтылған.

«20 жылдай болды көше сыпырып жүргеніме. Мені көріп отырған азаматтар ойланады деген ойдамын. Үй берген Заманбек ағама рақмет, жатқан жері жайлы болсын», — дейді спортшы.

Журналистің өзі бұл жағдайдың ұлттық намысқа сын екенін айтты.

«Бұл — масқара! Бұл — ұлттық намысқа сын!

Министрлер мінберден түспей жатыр, ардагер спортшы ауладан шықпай жүр. Қайдасың, Спорт және туризм министрі? Тірі аңызға тірісінде құрмет көрсету — парыз емес пе?

Батырды бағаламаған елден қандай ұрпақ шығады? Ұят емес пе, ағайын?..

(Айсара Керімбекова – кезінде дүние жүзіне танымал болған, қазір тасада қалып қойған спортшы. Дзюдо мен самбодан әлемдік деңгейге көтерілген тұңғыш қазақ қызы)», — деп жазды ол.

Желіде қызу талқыланып жатқан аталмыш видеоға желі қолданушылары түрлі пікір жазуда.

«Дәулет Тұрлыханов пен Серік Қонақбаев спортшыларымызға үлкен сын. Осындай ер азаматтар қалайша мән бермейді екен?!», «Жаным апау жыламаңыз бәрі жақсы болады. Нұрсейіт балаңыз бұл істі алса ол нәтиже міндетті түрде болады», «Ұятын ай, масқара ай», — деп жазды олар.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Жылқышыбай (@nurseiitzhylkyshybai)