Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жыл соңына дейін 16,5 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалады.
Мұндай болжамды Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры макроэкономикалық болжау және зерттеу бөлімінің бастығы Марина Гричик жасады.
Бүгін елордада өткен брифинг барысында аталған қордың экономисі Ғалымжан Айтқазын еліміздің қазіргі экономикалық ахуалына тоқталып, ең алдымен мұнай мен мемлекеттік инвестиция өсімін атап өткен еді. Оның айтуынша, мұнай өсімі Теңіз кен орнын игерумен байланысты болса, негізгі капиталға салынған мемлекеттік бюджет көлемі жыл басынан 22 пайызға жуық артқан.
— Осы жылдың 1-тоқсанындағы экономика өсімі өткен жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда баяулады. Бірақ, өткен жылдың 1-тоқсанында экономикалық өсім біршама төмен болса, биыл 5,6 пайыз болды. Өздеріңіз де білетіндей Үкімет жедел деректер бойынша экономика өсімі мұнан ары жеделдеп, 6 пайыздан асып түскенін айтқан болатын. Ал инфляцияға қатысты айтар болсақ, ол биыл қайтадан екі мәнді көрсеткішке оралды. Бұл біз атап өткен тәуекелдердің бірі. Мәселен, бұл көрсеткіш мамыр айынан арта бастап, маусымда 11,3 пайыздан астам болды. Әрине, осының аясында Ұлттық банк наурызда ақша-кредит саясатын қатаңдатып, базалық мөлшерлемені жылдық 16,45 пайызға дейін көтерді. Әзірше осы деңгейде сақтайды әрі инфляцияны қалыпқа келтіру үшін ол қажет деп санайды. Екінші жағынан жалпы экономикалық өсім мен инфляциялық қысымның маңызды көзі – кредиттеудің артуы. Ол екі мәнді көрсеткіште қалып отыр. 1-тоқсанда экономиканы кредиттеу жылдық мәнде 20 пайызға артты, — деді экономист.
Ал ЕТДҚ макроэкономикалық болжау және зерттеу бөлімінің бастығы Марина Гричик қор Қазақстан экономикасындағы инфляцияны бағалау көрсеткішін болмашы арттырғанын айтады.
– Бұл бірінші жартыжылдықтағы инфляция қарқынымен ғана байланысты. Ол біз күткеннен сәл жылдам дамуда. Жалпы 2024-2025 жылдың қыс айларынан кейін инфляцияның баяулайтындығын күтеміз. Ақша-кредит саясаты қатаң болып қалады және ортамерзімді келешекті инфляцияны мақсатты мәнге әкелуге бағытталады. Осының аясында базалық мөлшерлеменің жыл соңына дейін өзгеріссіз қалады деп есептейміз, – деді ол.