Сарапшылар осындай болжам жасады.

Бір жылдан кейін доллар бағамы 548,5 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Талдау орталығы шілде айындағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушыларының кезекті сауалнамасының нәтижелерін жариялады.

Зерттеуде бірқатар негізгі индикаторлар бойынша болжамдарға қатысты сұрақтарға респонденттердің жауаптары берілген: Brent маркалы мұнайдың құны; теңгеге қатысты доллар бағамы; инфляция; ЖІӨ; Ұлттық банк базалық мөлшерлемесі.

Болжамға сәйкес, биылғы тамыз айының басында доллар бағамы 523,4 теңге болуы мүмкін. Қазір бұл көрсеткіш – 519,2 теңге. Сарапшылар бір жылдан кейін доллар бағамы 548,5 теңгеге дейін өсуі ықтимал деп отыр. Бұрынғы болжамда сәйкесінше 516,3 және 539,7 теңге деп көрсетілген.

"Бұған қазіргі шот көрсеткіштерінің нашарлауы, экспорттық тауарлар бағасының тұрақсыздығы, сауда балансының профицитінің қысқаруы әсер етуі мүмкін", – дейді қауымдастықтың талдау орталығы.