ҚМДБ қарияға осындай тарту жасады .
Күні кеше Павлодардағы қарттар үйінде тұратын ақсақал тірнектеп жинаған ақшасын "ерекше" балаларға үлестіріп бергені туралы жазған едік. Ал бүгін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы атаның ізгілікті ісіне алғысын білдіріп, қартқа жолдама сыйлады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы қарттар үйінде тұратын Сағадат Жұмабаев кеше ғана 10 жылдан астам уақыт бойы зейнетақысынан тірнектеп жинаған 3,6 млн теңгесін мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 30 отбасыға бөліп берді. Әу баста ақсақал бұл қаражатты қажылыққа баруға жұмсауда көздеген еді. Бірақ жасы келген соң әрі қасында еріп жүретін адам болмағандықтан, қасиетті сапарға бару туралы ойынан айнып, қаржысын қайырымдылыққа жұмсауды жөн көрген. Сөйтіп, 30 отбасыға 120 мың теңгеден бөліп берді.
Ақсақалдың бұл игі ісі көпшілікті сүйсінтті. Ал ҚМДБ бірден ризашылығын білдіріп, бас мүфти наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті сапарға жолдама сыйлады. ҚМДБ Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы Сағадат Жұмабаевқа арнайы барып, кіші және үлкен қажылыққа жолдама берді.
"Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы мені сізге жіберді. Ол кісі сізге дұғай сәлем айтып, істеген сауап жұмысыңызға шын алғысын білдіріп жатыр", – деді Жолдас қажы Қоспақұлы.
Бұл ретте облыстың бас имамы үлкен қажылыққа не кіші қажылыққа бару мүмкіндігін ақсақалдың өз таңдауы білетінін атап өтті.
"Егер денсаулығыңыз мүмкіндік берсе, келесі жылы үлкен қажылыққа жіберуге әзірміз. Ал мүмкіндік болмаса, биыл умра – кіші қажылыққа жіберейік. Ол 10 күн болады. Қасыңызға арнайы адам қосып, барлық ұйымдастыру жұмыстарын өзіміз қолға аламыз", – деді Жолдас қажы Қоспақұлы.
Бұл жаңалыққа ерекше қуанған ақсақал осындай сый-құрмет көрсетіп, тарту жасап жатқан ҚМДБ басшылығына ризашылығын білдірді.
"Мені сыйлап, алыстан хат жолдағандарыңызға ризамын. Жалғыз болғаннан кейін қажылыққа бара алмаспын деп ойлаған едім. Егер жаныма демеу болар жан болса, осындай жан-жақты көмек көрсетіліп жатса, бұйырса үлкен қажылыққа барғым келеді", – деді ақсақал.
Ендігі ретте Сағадат Жұмабаев Меккеге барып, бес парыздың бірін орындауға ниетті.