Ақтауда 11-қабаттың ашық балконында қоршауға мініп, тепе-теңдікті сақтап ойнаған балалар тұрғындарды шошытты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Куәгерлер түсірген бейнежазбада екі кішкентай қыздың биік үйдің балконындағы қоршауға отырып алғаны көрінеді.

Жандарында бірде-бір ересек адам болмаған.

Қауіпсіздік ережесі ескерілмеген. Бір ғана қате қимыл жасағанда қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді.

Маңғыстау облысында 2025 жылдың басынан бері балалардың терезеден құлауына қатысты 8 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың толық жылдық дерегінен (5 жағдай) жоғары.

"Мұндай қайғылы оқиғалар ересектердің салғырттығынан болады. Қазір балалар жазғы демалыста, қауіп күшейе түседі", – деді ТЖД профилактика басқармасының басшысы міндетін атқарушы Мейірбек Исаев.