Бұл ақпаратты екі елдің ресми сайттары хабарлады.
Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабидегі келіссөздер барысында екі ел бейбіт келісімге отыруға тырысады, деп жазады inbusiness.kz сайты әзербайжандық apa.az агенттігіне сілтеме жасап.
Армения мен Әзербайжанның Қарабах мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатқанына бірнеше жыл болды. Қос тараптың мүддесі ескерілген құжат 17 ережеден тұрады.
Онда Армения мен Әзербайжан бір-бірінің аумағының тұтастығын, шекарасының беріктігін мойындайды. Бейбіт келісімге отырса, талайдан бері өштесіп келе жатқан екі ел шекарасын шегендеуге кіріседі.
Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі келіссөз басталғанын мәлімдеп, бірнеше сурет жариялады. Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында бейбіт келіссөз жүріп жатқанын Армения премьер-министрінің баспасөз хатшысы Назели Багдасарян да растады.