Америкалық ғалымдар алғаш рет хирургиялық операцияны толықтай өз бетінше орындай алатын интеллектуалды робот-хирург жасап шығарды.

Бұл медициналық құрылғы өт қабын алу (холецистэктомия) бойынша күрделі операцияны дәрігердің нұсқауынсыз және тіндерге алдын ала арнайы белгілер қойылмай-ақ, қателіксіз орындады.

Бұл жаңалықты Джон Хопкинс университетінің (Johns Hopkins University, JHU) баспасөз қызметі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Бұл технологиялық серпіліс бізге жеке хирургиялық әрекеттерді орындай алатын роботтардан шынайы хирургиялық процесті түсіне алатын автономды жүйелерге көшуге мүмкіндік береді. Бұл болашақта нақты науқастарға көмек көрсету барысында кездесетін күтпеген әрі күрделі жағдайларда тиімді жұмыс істей алатын автономды хирургиялық жүйелерді жасауға жақындатады, – деді университеттің доценті Аксель Кригер.

Кригер мен оның командасы бірнеше жылдан бері хирургтарға көмек көрсететін немесе белгілі бір операциялық әрекеттерді өздігінен орындай алатын робототехникалық жүйелерді дамытып келеді. 2022 жылы олар STAR атты роботты жасап шығарып, ол тәжірибелік шошқаға ішекке ота жасауды сәтті жүзеге асырған. Ол кезде робот тек аздаған нұсқаулықтар мен тіндерге қойылған белгілерге сүйеніп жұмыс істеген болатын.

Бұл жетістік Кригер бастаған зерттеушілерді науқасқа жасалатын әрекеттерді дәрігердің жұмысын бақылау арқылы үйренетін, әрі кейін адам көмегінсіз орындай алатын жетілдірілген робот-хирургты жасауға итермеледі.

Зерттеушілер бұл мақсатта екі нейрондық желіге негізделген жасанды интеллект алгоритмін жасады. Оның бірі эндоскопиялық бейнелерді талдап, жалпы нұсқаулықтарды қалыптастырса, екіншісі сол нұсқауларды роботқа нақты командалар түрінде жеткізеді.

Бұл нейрожелілерді оқыту үшін Кригер және оның командасы 34 демонстрациялық холецистэктомия операциясын ұйымдастырды. Осы сәттерден 17 сағаттан астам бейнематериал жинақталып, мұқият белгіленіп, жүйені оқытуға пайдаланылды. Нәтижесінде робот 8 ұқсас операцияны тәжірибелік шошқаларға ешбір сыртқы көмексіз орындап шықты.

Зерттеушілердің айтуынша, робот-хирург анатомиялық ерекшеліктері әртүрлі болғанына қарамастан, барлық жағдайларда холецистэктомияның 17 кезеңін де дәл әрі сәтті жүзеге асырған. Бұл – болашақта автономды хирургиялық жүйелердің клиникалық практикаға енгізілуіне бағытталған ірі қадам ретінде бағаланып отыр.