5-7 шілде аралығындағы демалыс күндері Қазақстанда туристік бағыттарға бет алған көлік қозғалысы артты
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мереке күндері ақылы жол учаскелері арқылы 288 мыңнан астам автосапар тіркеліп, ішкі туризмнің белсенділігі байқалған.
ҚазАвтоЖол баспасөз қызметі мәлім еткендей, ең танымал бағыттардың бірі Алматы-Қонаев ақылы учаскесі болды. Онда 161 мыңнан астам сапар тіркелді. Бұл жол Қапшағай мен Алакөл көлдеріне, ұлттық парктер мен қорықтарға, сондай-ақ басқа да көрікті туристік нысандарға апарады.
Екінші орында Астана-Щучинск бағыты. Бұл жолмен жүргізушілер 66 мыңнан астам рет сапарға шыққан. Көптеген демалушылар Бурабай мен Щучинсктегі орманда, таулы аймақ пен су айдындарда уақыт өткізеді. Сондай-ақ, жаяу жүріп, велосипедпен экологиялық жолдар арқылы серуендейді.
Үздік үштікке Астана-Теміртау бағыты да кірді. Бұл бағыт бойынша 60 мыңнан астам сапар жасалған. Аталған автожолда Балқаш көлі мен құмды жағажайлар бар. Бұл бағыт Балқаштан бөлек, Қарағанды облысының тарихи-мәдени нысандарына, соның ішінде Қарқаралы ұлттық паркі мен дала қорықтарына жол тартады. Қарағанды-Балқаш автожолын қайта жаңартудан өткізгеннен кейін бұл бағытта демалушылардың ағыны артып келеді.
Қазіргі таңда туристік бағытта жол бойы қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Автожолдар бойында заманауи санитарлық-гигиеналық тораптар, демалыс аймақтары, кафе, жанармай құю станциялары және сапарларды ыңғайлы әрі қауіпсіз ететін басқа да нысандар салынуда. Сонымен қатар, биыл еліміздегі туристік бағыттарына алып баратын жалпы ұзындығы 2000 шақырымнан асатын автожолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі заманғы автожолдардың сапасы ішкі туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады және қазақстандықтардың саяхатын қолжетімді әрі жайлы етеді, — деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, ҚазАвтоЖол баспасөз қызметі сапарға шыққанда жүргізушілерден аса сақ болуды, жылдамдық режимін және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.