Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті.

Көпшіліктің ашуын туғызған жайтқа байланысты полиция тергеу жұмыстарын да бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиғаның Алматы қаласында болғаны айтылады. Видеодан ер адамның мүмкіндігі шектеулі қарт кісіге қол көтергенін байқау қиын емес. Ал әлеуметтік желі қолданушылары ер адамның іс-әрекетін қатаң сынап, лайықты жазалануын талап етуде.

Алматы қаласы полиция департаменті заңсыз әрекеттерді көрсеткен бейнеге байланысты тергеу жұмыстары бастағанын мәлімдеді. Олар күдіктіні заң аясында жауапкершілік күтіп тұрғанын ашық айтқан.

– Оқиғаға қатысушылар анықталып жатыр. Дене жарақатын келтірген ер адамның әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі. Жанжалдың себептеріне қарамастан, қарт адамға, әсіресе мүгедектер арбасына таңылған адамға зиян келтіруге жол берілмейді және заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады, – делінген департамент таратқан ақпаратта.