Бұл – автоклавты қатайтатын газбетонды блоктар өндіретін өңірдегі алғашқы кәсіпорын.

Талдықорған қаласындағы жылдық қуаты 150 мың текше метрді құрайтын жаңа зауыт бүгін іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Онда бірден 50 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Жаңа зауытқа 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған.

– Жетісу облысы құрылғаннан бері үш жыл ішінде өнеркәсіптік өндірістің жылдық көлемі 16,8% өсіммен 347 млрд теңгеге жетті. Осы жылдар ішінде өнеркәсіпте жалпы сомасы 85 млрд теңгеге 35 жоба іске асырылды. Оның ішінде жел және су электр станциялары, өнеркәсіптік аккумуляторлар мен күн панельдерін шығаратын зауыттар бар. Жалпы, Жетісу – құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқан өңірдің бірі. Облыста әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жаппай салынып, инженерлік коммуникациялар жүргізілуде. Жаңа зауыттың іске қосылуы құрылыс саласын жергілікті материалдармен қамтамасыз етіп, өңірдің құрылыс индустриясын дамытуға және шетелдік өнімдерге тәуелділікті азайтуға ықпал ететін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.

Іске қосу салтанатынан соң ресми қонақтар кәсіпорынды аралап, жұмысымен танысқан. Кәсіпорын "Талдықорған" индустриялық аймағының аумағында орналасқан.

Зауыттың өндірістік директоры Дәурен Нұрәлінің сөзінше, бұл – аймақтағы осы саладаға теңдессіз алғашқы зауыт.

– Біздің зауытта өндірілген автоклавты қатайтылған газдалған бетон кірпіштер тиісті нормалар мен стандарттарға сәйкес жасалады. Кірпіштер Қытай технологиясы бойынша шығарылады, жергілікті мамандар заманауи жабдықта жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өтті. Кірпіштің бұл түрінің басты ерекшелігі олар қыста жылуды өте жақсы сақтайды, ал жазда бөлмені салқын күйінде ұстап тұра алады. Сондықтан, олар негізінен көп қабатты үйлер мен жалпы тұрғын үйлер салуда пайдаланылады. Өндірісте жергілікті шикізат қолданылады. Біздің өніміміз ең алдымен Жетісу облысында және көрші Алматы облысында саудаланатын болады, – деді Д.Нұралы.

Кәсіпорынға түрлі саладағы жергілікті мамандар жұмысқа орналастырылған. Зауыттың тегін жатақханасы бар, сондай-ақ қызметкерлер күніне үш рет ыстық тамақпен қамтылады.

– Зауытқа бірінші болып өзім, содан кейін жұбайым жұмысқа тұрды. Менің мамандығым – тәрбиеші, күйеуім – ІТ саласының маманы. Отасқанымызға 8 жыл болды, үш баламыз бар. Зауытта арнайы дайындықтан өттім, қазір табысты жұмыс істеп келемін. Біз отбасымызбен зауыттың жатақханасында тегін тұрамыз, жатақханада тұрмысқа қажетті жағдайлардың бәрі бар. Жұмыс кестесі жас отбасымыз үшін қолайлы, жалақымыз тұрақты, – дейді жұмысқа жаңадан орналасқан жас маман Минар Дүйсебек.