Қостанайда жеке кәсіпкерге тиесілі ауыз су сататын автоматтарды қасақана бүлдірген әйелге айыппұл салынды, деп хабарлайды облыстық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Соттың ресми Telegram-каналында хабарланғандай, Қостанайда азаматша И. жеке кәсіпкерлікке тиесілі мүлікті қасақана бүлдіргені үшін айыпталды. Әйел ауыз су автоматтарындағы QR-коды бар стикерлерді жыртып, монета қабылдағыштарды бітеп тастаған. Салдарынан аппараттар істен шығып, бірнеше ауданның тұрғындары ауыз сусыз қалды.

️Сот талқылауы барысында азаматша И.-дың бұрын жеке кәсіпкерлікте жұмыс істегені, биыл қаңтарда жұмыстан шыққаны анықталды. Оның айтуынша, жұмыстан шыққаннан кейін басшылық оған еңбек кітапшасын және жалақысының бір бөлігін бермеген.

Сотқа азаматша И.-дің QR-кодтарды бүлдіруге және автоматтарды ластауға қатысы бар екенін растайтын бейне дәлелдемелер, фотосуреттер және куәгерлердің айғақтары ұсынылды.

Су автоматтарымен байланысты мәселелер наурыз айында басталған. Қала тұрғындары жұмыс істемейтін автоматтарға қатысты бірнеше рет шағымданған. QR-кодтардың бүлінуі салдарынан төлем жасау мүмкін болмаған, ал бітелген монета қабылдағыштар аппараттардың жұмысын толығымен бұғаттаған. Жеке кәсіпкерлік қызметкерлерінің бірі азаматшаның әрекеттерін видеоға түсіріп, бірден полицияға хабарласқан.

"Сот қаулысымен И. Әкімшілік құқықұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабының 1-бөлігі (бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 137 600 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ", — делінген сот хабарламасында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз