Алматы облысында зағип анасын бағып жүрген жігітті күштеп әскерге әкетіп, екі күн әскери комиссариатта ұстап, Тараз бөлімшесіне жіберген. Сорақысы, бірнеше аптадан кейін жігіт психиатриялық диспансерден бір-ақ шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz сілтеме жасап.

Арманжан Арықбай көзі нашар көретін анасын қарап жүрген. Отбасының айтуынша, оны Қонаевқа күштеп апарып, кейін Тараздағы №5513 әскери бөліміне жіберген. Бірнеше аптадан кейін ата-анасының келісімінсіз, ешқандай түсініктемесіз психиатриялық диспансерге ауыстырылды.

Ұлттық ұланның "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Сөздерінше, 17 маусымда жігіттің талмасы ұстап, дереу медициналық мекемеге жеткізілген.

“Сарбаздың айтуынша, ол әскерге шақырылғанға дейін басынан жарақат алған, содан кейін ол осындай жағдайларды мезгіл-мезгіл басынан өткерген. Қазір ол Алматыдағы республикалық психикалық денсаулық орталығында тексеруден өтіп жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық, тереңдетілген медициналық тексеруден өтіп, қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – делінген хабарламада.