Астанада бокстан Әлем кубогінің финалдық кездесулері өтіп жатыр.

Дүбірлі додада боксшыларымыздың қанжығасы майланды. Ұлттық құрама қоржынында әзірге, 6 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль бар. Осылайша еліміз көш басында тұр. Кешкі сессия жаңа ғана басталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жекпе-жек сарайына арнайы барып, ақтық бәсекені жанкүйерлермен бірге тамашалады. Мемлекет басшысы кездесу кезінде спортшыларды қолдап, кейін олармен әңгімелесті.

Апта Астана үшін спорттық бәсекеге толы болды. Сол сайыстар ішінде World Boxing ұйымдастырған Әлем кубогының бәсі жоғары. Дүбірлі дода рейтингтік жарыстар қатарына кіреді. Яғни спортшылардың олимпиадаға жолдама алуына тікелей әсер етеді. Сол себепті қатысушылардың қарасы қалың. 29 елден 250 боксшы келген. Рингті көрсе делебесі қозатын қазақ жанкүйерлері де көп жиналды.

Әу бастан жарыстың фавориті саналған отандық боксшылар сайыста сәтті өнер көрсетті. 20 салмақтың 12-сінде спортшыларымыз финалға шықты. Ақтық бәсекені көруге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та келіп, қыз-жігіттерге қолдау көрсетті.

Финалдық кездесулер тартысқа толы болды. Мемлекет басшысы мен қалың қазақ жанкүйерлерінің алдында алғаш болып 48 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай өнер көрсетті. Үндістандық Минакшимен жұдырықтасқан қаршадай қыз сенімді жеңіске жетіп, алтын жүлдеге ие болды.

Назым Қызайбай, әлем кубогінің жеңімпазы

Ал 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Махмұд Сабырхан шаршы алаңға жапониялық былғары қолғап шеберімен шығу керек болған. Алайда қарсылас бәсекесіз беріліп, жекпе-жектен бас тартты. Өкінішке орай, алтындар шеруін Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай жалғай алмады. 80 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын отандысымыз финалдық бәсекеде француз Йожерлин Сезардан жеңілді. Есесіне 85 келіге дейінгі салмақта Бекзаl Нұрдәулетов қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтынға қол жеткізді.

Бекзад Нұрдәулетов, әлем кубогінің жеңімпазы:

Жарыс арасында Президент кездесуден шыққан спортшылармен кездесіп, жеңістерімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға сәттілік тілей отыра, әлі бағынатын белес көп екеніне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Финалдық бәсекелердің күндізгі сессиясында тағы 3 боксшымыз шығып, үшеуі де жеңіске жетті. Атап айтқанда Виктория Графеева, Наталья Богданова және Санжар Ташкенбай қарсыластарына мүмкіндік бермей, алтын жүлдеге ме болды. Жеңімпаздардың қуанышында шек жоқ.

Виктория Графеева, әлем кубогінің жеңімпазы

Астанадағы турнир жаңа жүйеде құрылған әлем кубогының бір бөлігі саналды. Бұл жарыс бірнеше елде өтіп, түрлі кезеңдерден тұрады. Ал суперфинал күзде Үндістанда өтеді.

Бекзат Аманов, Ділмұрат Сейдаханов