Алматыда Н.Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры күрделі жаңғыртудан өтіп жатыр. Театр кіреберісіне мәрмәрдан жасалған панно орнатылады. Бұл – кезінде Дінмұхамед Қонаев ұсынған, бірақ жүзеге аспай қалған идея, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жобаның жетекшісі Асқар Сағындықовтың айтуынша, тарихи ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері сақталып, қайта қалпына келтіріледі. Мозаикамен көмкерілген барельеф, баспалдақтар, қанаттар мен Чехословакиядан әкелінген люстралар қалпына келтіріліп жатыр. Люстралар арнайы жөндеу үшін бөлшектеліп жөнелтілген.
"Жобаны әзірлеу кезінде Қонаевтың бұрынғы сызбасын таптық. Ол кіреберіс маңына мәрмәр панно орнатуды жоспарлапты. Біз осы идеяны толық жүзеге асырмақпыз", – деді Сағындықов.
Жобаның жалпы құны – 23,9 млрд теңге. Қазір құрылыс жұмыстарының 56 пайызы, ал жаңа сахнаға қатысты жұмыстардың 65 пайызы орындалған. Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған.