Ол өз дене мүшесін ақтөбелік азаматқа сатпақ болған.
Келісілген ақшаның тең жартысын алып жатқанда ұсталған сотталушы сот залынан босап шығып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Ақтөбе қалалық сотының судьясы 27 жастағы азаматқа заң аясында рақымшылық жасаған.
Оқиға 2025 жылдың сәуір айында тіркелді. Қарағанды облысы, Нұра ауданының 27 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіге бүйрек сататынын жайлы хабарлама қалдырған. Көп ұзамай оған Ақтөбе қаласынан біреулер хабарласып, өзара келіседі. Сосын қарағандылық азамат медициналық тексеруден өткен соң, Ақтөбеге келіп, тапсырыс беруші ұсынған пәтерге жеткен. Сөйтіп келісім бойынша 7,5 млн теңге ақша алып жатқан кезде ұсталып, оған тергеу жұмыстары басталған. Қарағандылыққа Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 116-бабының 1-бөлігімен айып тағылған. Десе де, ол рақымшылық жасау туралы өтініш хат түсірген.
– Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 116-бабы 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деп айыпталған сотталушы Қылмыстық кодекстің 78-бабы 2-бөлігі негізінде Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы актісіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылсын. Қылмыстық іс жүргізу қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағы негізінде тоқтатылсын. Күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасы жойылсын, – деді № 2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Аян Кусаев.