Банк қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Жетісу облысында шетел азаматының қатысуынсыз қашықтан есепшот ашқан банкке 1 млн теңгеден астам сома айыппұл салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жетісу облысы прокуратутасының мәліметінше, өңірде интернет-алаяқтыққа қарсы шараларды күшейту жұмыстары жалғасып жатыр.

"Заңмен резидент еместерге шоттарды қашықтан ашуға және төлем карталарын шығаруға тыйым салынған, керісінше банк қызметкері шет мемлекеттің азаматына оның жеке қатысуынсыз есепшот ашқан. Есепшот кейіннен интернет-алаяқтармен азаматтардан ұрланған қаражатты аудару үшін пайдаланған", – делінген хабарламада.

Банк Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 214-бабының 4-бөлігі (қаржы мониторингі субъектілерінің клиенттерді тиісінше тексеру жөніндегі шараларды қабылдамауы) бойынша жауапкершілікке тартылды.

Банк сот салған 1 млн теңгеден астам сома айыппұлды төледі.

Банк қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодексінің 254-бабы (міндеттеріне адал қарамау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.