Нұра ауданында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің экспедиция мүшелері шамамен мың жыл бұрын өмір сүрген баланың қабірін тапты , деп хабарлайды Zakon.kz.
Әкімдік ақпаратына сүйенсек, табылған зират – бұрын белгілі болған Изенді-6 бейітінің бір бөлігі.
Археологтар құрылысты іріктеу кезде бұрын байқалмаған қабірді тапты. Айта кетерлігі, жерленген аумақ ғасырлар бойы бұзылмай, сақталып қалған.
"Онда ғалымдар марқұмның сүйегін, жебе ұштарын, ат әбзелдерінің бөлшектерін және былғары дорба тапты. Сүйектің жанынан сұрақ белгісі түріндегі сырға табылды. Мұндай сырғалар XII—XIV ғасырларда қыпшақтарға тән болатын",- делінген ақпаратта.
Антрополог Айкүміс Раисова кешенді остеологиялық талдау жүргізіп, сүйектер 9–12 жастағы балаға тиесілі екенін анықтады. Сондай-ақ баланың тірі кезінде сол жақ иық сүйегін сындырғаны анықталды, бірақ өлген сәтте сынық бітіп үлгерген.
"Мұндай жерлеулер сирек кездеседі. Орта ғасырдағы ескерткіштер Қарағанды облысының аумағында аз зерттелген, сондықтан осы кезең бойынша алынған жаңа нәтижелер өзекті және қызықты", – дейді Сарыарқа археологиялық мұражайының директоры Алексей Кукушкин.
Радиокөміртекті талдаудың деректеріне сәйкес, көму ХІІ–ХІІІ ғасырларда болған. Ғалымдар қосымша талдау жүргізіп, жерлеуді зерттеуді жалғастырмақшы.
"Табылған бұйымдар көмудегі металдардың құрамын анықтауға көмектесетін спектрлік талдау көмегімен қосымша зерттелетін болады. Одан әрі артефактілер облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылады", – деді Алексей Кукушкин.
Еске сала кетейік, бұрын қарағандылық археологтар Талды тарихи-археологиялық саябағының аумағында ежелгі темір дәуірінің қорымын тапқан болатын.