Олар жалған құжатпен кеденнен тауарлар өткізген.
Алматы қаласының прокуратурасы кедендік ресімдеу саласында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Қылмыскерлер мемлекетке 33 миллиард теңгеден астам залал келтірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу барысында күдіктілердің шекарадан тауарларды жалған құжаттар мен кедендік сәйкестендіру құралдарын қолдану арқылы өткізгені анықталды. Заңсыз әрекеттерін жасыру үшін олар нақты қызмет көрсетілмеген, жұмыс орындалмаған немесе тауар жөнелтілмеген жалған шот-фактуралар рәсімдеген.
Аталған дерек бойынша бірнеше қылмыстық іс тіркелді. Кеден саласында "уәкілетті экономикалық оператор" мәртебесіне ие кәсіпорындардың басшылары күдікті ретінде танылды. Оларға экономикалық алаяқтыққа қатысты бірқатар қылмысты жасаған деген айып тағылды.
Сот істің фигуранттарын кінәлі деп танып, 2 жылдан 7 жылға дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкімде сондай-ақ сотталғандардың мүлкін мемлекет кірісіне тәркілеу қарастырылған. Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды.