Бүгін, 3 шілдеде Батыс Қазақстан облысы аумағында киік санын реттеу жұмыстары басталды. Бұл 30 қарашаға дейін жалғасады, деп хабарлайды БҚО әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Киік популяциясын реттеу — табиғи тепе-теңдікті сақтау, жайылым жерлерге зиян келтірмеу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мақсатында ұйымдастырылып отыр", — делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдіктің мәліметінше, аталған жұмыстарға 40-қа жуық маман тартылып, 4 арнайы бригада жасақталған. Әр бригада 3 техникамен қамтамасыз етілген, жалпы саны 12 техника жұмылдырылған.
2025 жылы жүргізілген авиациялық есеп нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы аумағында киіктердің жалпы саны 2,3 млн басқа жеткені анықталған.
"Ғалымдар әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, популяцияға залал келтірмей, оның тек 20 пайызына, яғни 460 мыңға дейін ғана реттеу жүргізуге болады. Яғни бұл – ғылыми-зерттеулер мен табиғи тепе-теңдікті сақтау талаптарына негізделген шектеу", — делінген хабарламада.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың айтуынша, ауланған киік еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізіледі.
Әкімдік киік санын реттеу жұмыстары үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес, барлық заңнамалық және экологиялық нормаларға сай жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.