Ақмола өңіріне жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған заманауи оңалту орталығының құрылыс барысымен танысты. Денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды өмірге оралуға мұқтаж мыңдаған азаматқа қолдау болатын орталық Көкшетау қаласында «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр.

150 орындық бұл нысанның жалпы аумағы 12 мың шаршы метрден асады. Құрылыс аяқталған соң, жыл сайын мұнда 1 500-1 800 адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Олар кешенде тәулік бойы ем-дом алуға және барлық қажетті оңалту түр­леріне қол жеткізуге мүмкіндік алады. Алайда жобаны қайта пысы­қтау мен қаржыландырудың жеткілік­сіздігіне байланысты орталық 2027 жылы ғана пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

– Біз Президенттің тапсырмалары мен мыңдаған отбасының үміті ақталуын және мерзімінде орындалуын қадағалаймыз. Облыс орталығында өмірлік маңызы бар нысанның жылдар бойы іске қосыл­мауы – ешқандай ақтауға келмейді. «Amanat» партиясы нақты шара­лар қабылдауды талап етіп, мерзім­дердің бұзылуына жауапты адамдарды анықтап, жауап­кершілікке тартуды көздейді, – деді депутат.

Ал Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Руслан Қожасбаев өңірлік Жетісу облыстық филиалында қоғамдық қабыл­дау өткізді. Тұрғындар аймақ­тағы білім ошағының техникалық жағдайына, өзен арнасын тазалауға және мүгедектігі бар адамдарға қол­же­тім­ді әрі жайлы орта қалыптас­тыруға қатысты мәселелер көтерді.

– Білім ошағы сонау 1982 жылы салынған. Бүгінде нысанның жағдайы өте нашар, оқушылар үшін аса қауіпті. Тозығы жеткен мектепте 33 жыл бойы жөндеу жұмысы жүргізілген жоқ. Ауыл тұрғындары тарапынан арыз-шағым жиі айтылады. Күрделі жөндеу жүргізуге қажет жобалық сметалық құжат пен сараптама дайындалып жатыр. Осыған бай­ланысты жөндеу жұмысына қа­жет қаражаттың бөлінуіне ық­пал етуіңізді сұраймын, – деді Пан­филов ауданы Үлкеншыған ауылының тұрғыны Тойлыбай Домбағұлов.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаев кейінгі 3 жылда өңірде білім саласына қатысты 20 нысан салынғанын және олардың 15-і білім ошағы екенін атап өтіп, Үлкеншыған ауылындағы мектептің қазіргі жағдайы да назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев, Ұласбек Сәдібеков Қайнарбұлақ ауылдық округінің Таскешу елді мекенінде «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-ның банан өсіру жылыжай кешенін көріп қайтты. Жалпы алаңы 5,3 гектар аумақты алып жатқан нысан ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсіндіріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 мың тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр.

– Мемлекет басшысының Жарлы­ғымен биыл «Жұмысшы мамандық­тары жылы» болып жария­ланды. Атаулы жылға орай, кәсіп­орындардың, шаруашылық­тардың жұмысымен танысып, болашағынан үміт күттіретін кәсіби мамандарды партиялық қызметке тартуды мақсат етіп отырмыз. Біз өз ісінің білікті мамандарына әрдайым қолдау көрсетеміз. Осыдан үш жыл бұрын Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлы жылыжай шаруашылықтарының жұмы­сымен танысып, олар­дың өзекті мәселелерін тыңдады. Бүгінде жылыжай шаруашылықтарындағы барлық мәселе шешілді деуге болады. Сала қарқынды даму жолына түсті. Оған дәлел – осын­дай банан өсіретін жылыжай ша­руашылығының жұмысы. Елімізде жаңа су кодексі қабылданды, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін құқықтық механизмдер түзілді. Нәтижесінде, еліміз бойынша балық шаруа­шылығы іргелі қадам басып келеді, – деді Қ.Балабиев.

«Ақ жол» партиясы фракция­сының мүшесі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Ақсу электр стансасына барды. Онда кадр даярлау, жастарды өндірістік салаға тарту мен жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселесіне назар аударылды.

– Энергетика мәселесіне біз ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұрынғы заманнан мұра болып қалған қуат көздерінің тозығы жетті. Үкімет генерациялық қуат пен желілерді жаңарту және жаңғырту үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы бірнеше шешім қабылдады, – деді А.Перуашев.