Мемлекет басшысы премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа елімізде орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған экономиканы әртараптандыру және құрылымдық жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берілген.
Үкімет басшысының айтуынша, президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жалпы инвестиция көлемі 2,3 триллион теңгеден асатын әрі шамамен 20 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 45 ірі өнеркәсіптік жоба іске асырылып жатыр.
Сондай-ақ премьер-министр Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында көлік саласын дамытуға қатысты мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде баяндаған.
Президентке вегетациялық кезең туралы да мәлімет ұсынылған. Олжас Бектеновтің мәліметінше, егістікті су ресурстарымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы мәселелері тұрақты бақылауға алынып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Өңірлік штабтар жұмыс істеп жатыр.
Премьер-министр мемлекет басшысына егіс науқанының аяқталуы және жиын-терім жұмыстарына дайындық барысы жөнінде де мәлімет берген. Еліміздегі жалпы егіс алқабы 23,7 миллион гектарды құрайды. Шаруаларға толық көлемде қолдау көрсетілуде. Жыл басынан бері ауыл, орман және балық шаруашылығындағы өнімдер мен қызметтердің жалпы көлемі 4 пайызға өскен. Барлық өңірде оң динамика тіркелген.
Сонымен қатар президентке энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық трансформациялау жөнінде ақпарат берілген.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет басшысына экономикада институционалдық өзгерістер жасауға, өңірлерді дамытуға және инвестиция тартуға қатысты бірқатар тапсырма берген.