Қытайдың Чунцин қаласындағы Юнчуань ауданында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің халықаралық кинофестивалі басталды. Мәдени іс-шара 7 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Киновестиваль ШЫҰ елдері арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытуға және кино саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, іс-шараға Қазақстандық делегация ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өкілдері, сондай-ақ еліміздің танымал продюсерлері мен режиссёрлері қатысуда.
Биылғы фестивальдің «Алтын Камелия» атты негізгі байқау бағдарламасына 10 елден 20 фильм енді. Әр елден екі туынды ұсынылған. Қазақстандық «Набат операциясы» мен «Ағайындылар» фильмі қытай көрерменіне көрсетіледі.
«Набат операциясы» (режиссёр Рашид Сүлейменов) – Қазақстан құқық қорғау органдары жүргізген ірі арнайы операция туралы шынайы оқиғаға негізделген драма. Фильм «Қазақфильм» киностудиясында Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстанның Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген.
«Ағайындылар» (режиссёр Дархан Төлегенов) – 15-тен астам халықаралық жүлдеге ие болған фильм. Картина Германияда өткен Oldenburg халықаралық кинофестивалінде Spirit of Cinema марапатын алған. Фильмді Golden Man Media студиясы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірген.
Фестивальдің қазылар алқасына ШЫҰ елдерінен 9 белгілі кинематограф енген. Олардың ішінде қазақстандық продюсер Тасболат Мерекенов те бар. Қазылар алқасының төрағасы – Қытайдың танымал продюсері әрі сценаристі Жэнь Чжунлунь.
Жеңімпаздар 10 номинация бойынша анықталады. Атап айтсақ, «Үздік фильм», «Үздік режиссёр», «Үздік сценарий» және актёрлік шеберлік номинациялары бар.
Кинофестиваль аясында 11 негізгі іс-шара жоспарланған, олардың қатарында байқау фильмдерінің көрсетілімдері, ынтымақтастыққа арналған форумдар, кинотехнология көрмесі мен Гала-концерт бар.