Сайрам ауданындағы табанды кәсіпкерлердің бірі — Бабуржан Халматбаев. Ол – өз кәсібі арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп , аудан экономикасының дамуына үлес қосып отырған жан.

Бүгінде ол өндіріп отырған қатпарлы қамыр кез келген дүкен сөресінен табылады. «Нұр самса» атауымен танымал бұл өнім еліміздің барлық қаласына таратылады.

Қазіргі уақытта уақытты үнемдеу, үй шаруасын жеңілдету маңызды қажеттілікке айналды. Дайын қамырлар – соның айқын көрінісі. Әйелдер үшін аса қолайлы, бірден самса, бәліш немесе пирожки пісіріп алуға болатын осындай өнімдердің бірі – Сайрам аудан, Қарамұрт ауылында өндірілетін дайын қатпарлы қамыр.

Бұл қамыр арнайы жабдықталған шағын цехта дайындалады. Жоғары сұрыпты ұн мен сапалы маргарин қолданылып, қамыр арнайы аппаратпен иленіп, жайылып, қалыпқа келтіріліп, пластик ыдыстарға салынып, мұздатқыш камераларда сақталады. Бір күнде 2000-нан астам үш түрлі қатпарлы қамыр өндірілетін бұл цех өнімділігімен де, сапасымен де ерекшеленеді.

«Нұр самса» – елге кеңінен танымал бренд. Бұл атау кәсіпкердің марқұм әкесі Нұрматбай ақаның құрметіне қойылған. Осындай құрмет пен еңбекқорлықты қатар ұштастырып отырған Бабуржан Халматбаев – мамандығы тарихшы болса да, кәсіпкерлік жолында өзін дәлелдей білген жан. Ол алғашқыда аз ғана мөлшерде қамыр дайындап көріп, сұраныс артқан соң бұл істі кәсіпке айналдырған.

Бүгінде кәсіпкер 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда қамыр илейтін бірнеше аппарат, арнайы мұздатқыш камералар, дайын өнімді сауда орындарына жеткізуге арналған автокөліктер бар. Осы шағын өндіріс арқылы аудан халқы үшін жұмыс орны ашылып, сапалы, дайын өнімдерге деген сұранысқа жауап беріліп отыр.

«Нұр самса» дайын қатпарлы қамыры – Сайрамның еңбекқор кәсіпкерлерінің табысты еңбегінің бір дәлелі. Осындай азаматтардың арқасында ел экономикасы алға басып, жергілікті өнімдердің абыройы арта түспек.

С.АБЫЛБЕКОВА