Жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде Қазақстанда Ұлттық домбыра күні тойланады. Биыл мереке 6 шілдеге сәйкес келеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі президенттің бастамасымен 2018 жылы белгіленген бұл мереке ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етіп, жастардың дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығын оятып, ұрпақтар сабақтастығына мән беретінін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі осы күнге орай республикалық іс-шаралар жоспарын бекітті.
"Биыл ел көлемінде 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады, оның 200-ден астамы өңірлерде жоспарланған. 6 шілде күні Алматы қаласындағы MEGA Alma-Ata ашық алаңында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің мерекелік концерті өтеді. Сонымен қатар Көктөбе саябағының алаңында "Dombyra party" атты салтанатты концерт ұйымдастырылады." ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
Астанадағы амфитеатр алаңында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концерт ұйымдастырылады.
"Жамбыл облысында, "Көне Тараз" археологиялық саябағы аумағында "Ұлттық домбыра күні – баба үніне құрмет" атты музыкалық кеш өтеді." ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Түркістанда, "Әзірет Сұлтан" тарихи-мәдени музей-қорығының алаңында "Домбыра – дастан" атты мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, елімізде Домбыра күніне орай челлендж өтіп жатыр, оған 100-ге жуық мәдениет саласының көрнекті өкілі қатысуда.