Мұндай жағымсыз жаңалықты ел үкіметі тұрғындарына арнайы үндеу жасап мәлімдеген.

Asahi басылымы ең үлкен алаңдаушылық "Нанкай шұңқырында" туындап отырғанын жазуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сарапшылар дәл осы аймақ күш-қуаты басым жер сілкінісін және содан туындайтын цунами болуы мүмкін екенін растаған.

Үкімет жанындағы комиссия да алдағы 25-30 жыл аралығында бұл маңда 8-9 балдық жер сілкінісінің болу ықтималдығы 80%-ға дейін жететінін хабарлап отыр. Мұндай зілзала тіркелсе, Осака, Вакаяма, Кумамото және Миядзаки префектуралары қатты зардап шегуі мүмкін екені айтылады. Тиісінше, цунами толқындарының биіктігі 20 метрге дейін жетеді деп болжанған.

Өте жойқын жер сілкінісіне байланысты Жапония үкіметі төтенше жағдайларға арналған іс-қимыл жоспарын жаңартуға мәжбүр. Жоспар бойынша қосымша дамбалар мен қорғаныс нысандарын салуы керек, эвакуацияға арналған арнайы баспаналар тұрғызуды қолға алуы шарт.

Еске салайық, негізінен Жапония түрлі деңгейдегі жер сілкінісімен жиі бетпе-бет келіп жүр. Мысалы, маусым айында бір жетіге жетпейтін уақытта елдің оңтүстігінде 500-ге жуық жер сілкінісі болды.