Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы «Педстарт» атты олимпиадаға қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .
Құрметті педагогтер! Соңғы уақытта мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде «Педстарт» атты олимпиаданың ақылы негізде өткізілетіні жөнінде ақпарат таралуда. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұл олимпиаданы ұйымдастыруға және өткізуге ешқандай қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдейміз.
Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ал Министрліктің фирмалық бланкін заңсыз пайдаланып, жалған хабарлама таратқан тұлғалардың әрекеті – заңға қайшы. Осыған орай, білім беру ұйымдарының басшыларын және педагогикалық ұжымдарды қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Оқу-ағарту министрлігі ұсынбаған, ақылы әрі күмәнді олимпиадалар мен байқауларға қатысуға жол бермеуге шақырамыз.
Министрлік ұсынған олимпиадалар мен байқаулардың тізімі №514 бұйрықпен бекітілген. Тек осы тізімге енгізілген іс-шаралар ғана педагогтердің аттестациясы кезінде есепке алынады. Баршаңызды абай болуға шақырамыз. Осындай жағдайлар анықталғанда дереу өңірлік білім беру ұйымдарына немесе Білім саласында сапасын қамтамасыз ету комитетіне хабарласуыңызды сұраймыз, — деп жазды Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі.