Еуропада аптап ыстық. Аймақтың кейбір елдерінен құрбандар туралы алғашқы мәліметтер түсе бастады. Және де температураның күрт жоғарылауынан миллиондаған адамның денсаулығына қауіп төніп тұр.
Бүгінде Еуропа құрлығы ерекше ыстықтан зардап шегіп отыр. Соңғы мәліметке қарағанда, Испанияның Каталониясында лапылдаған жалыннан екі адам қаза тапты. Және де бірнеше ферма өртеніп, 14 мың тұрғынға үйлерінен шықпауға кеңес берілген, деп жазады qazaqstan.tv.
Тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Орман алқаптарын шарпыған отты сөндіруге ұйытқыған жел кедергі.
"Қазір біз аса жоғары қысымның ықпалындамыз. Ол солтүстік Африкадан жеткен ыстық ауаны Еуропа аймағында ұстап тұр. Көріп отырғанымыздай, осы қысым жағдайымызға айтарлықтай әсер етіп отыр." Клер Нуллис, әлемдік метеорологиялық ұйымның өкілі
Аптап ыстықтан денсаулыққа қауіп төніп тұрғаны туралы ескертулер Испанияда ғана емес, Францияда, Италияда, Португалияда, Германияда, тіпті Голландияда да таратылды.
Ал Британияда резервуарлар кеуіп жатыр. Есесіне суға түсушілер күрт көбейген.
Британиядан Францияға ойыссақ, мұнда ауаның температурасы 42 градусқа дейін көтеріліп, мыңнан астам мектеп пен әйгілі Эйфель мұнарасының жоғарғы қабаттары жабылды.