16 маусымда әйелдердің құқықтарын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң күшіне енгеніне бір жыл толды.

Оқу-ағарту министрлігі былтыр балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң қолданысқа енгелі бері балалардың құқығын қорғау жағдайы қалай өзгергенін хабарлады.

Министрлік дерегінше, 2025 жылдың алғашқы бес айында балаларға қатысты жыныстық қол сұғылмаушылықты бұзу қылмыстарының саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,3%-ға азайды. Ал ауыр қылмыстар – 8%-ға, аса ауыр қылмыстар – 19%-ға қысқарды.

Бір жылда Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 58 тексеру жүргізіп, 1500-ден астам баланың құқығы қалпына келтірілді. 24 ұйым басшысы әкімшілік, 78 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан өңірлерінде психологиялық қолдау орталықтары ашылды. 2025 жылдың басынан бастап бұл орталықтар 50 мыңнан астам азаматқа, соның ішінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен ата-аналарға көмек көрсетті.

"Бұл заң жекелеген әрекеттерден жүйелі тәсілге көшуге мүмкіндік берді. Бүгінде елімізде балаларды қорғаудың тұрақты моделі қалыптасты, онда мектептен бастап уәкілетті өкілге дейінгі әрбір буын алдын алу мен көмек көрсету үшін жұмыс істейді", – деді Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

"111" байланыс орталығы отбасы, әйелдер және балаларды қорғау мәселелері бойынша бірыңғай жүгіну арнасы ретінде заңмен бекітілді. 2025 жылдың басынан бастап 88 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Мектептерде QR-код арқылы құпия түрде хабарлама беру жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, "ДОСБОЛLiKe" антибуллингтік бағдарламасы жүзеге асырылуда, мектептегі жәбірлеу үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Ведомствоаралық жедел әрекет ету алгоритмдері жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз:

  • Баланы ұратын тәрбиешілерге тоқтам бар ма? Балабақшаларда қашан тәртіп орнайды
  • "Әлеуметтік желі керек, бірақ 3-5 жасар балаға TikTok қосып беру зиян". Асхат Аймағамбетов цифрлық әлемді реттеу туралы