Жыл басынан бері Қазақстанда бала саудасына қатысты 19 қылмыстық іс тіркелген. Олардың бәрі жаңа туған сәбиді заңсыз асырап алуға қатысты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Адам саудасына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаеваның айтуынша, бала сату деректері Қазақстанның барлық дерлік өңірінде анықталған.

Схема былай жүзеге асқан: бір жақта бала сүйе алмай жүрген отбасылар, екінші жақта жаңа туған сәбиінен бас тартуға дайын әйелдер. Ал олардың арасында пайда үшін екі жақты табыстыратын делдалдар бар.

"Балаларды шетелге шығару деректері тіркелген жоқ. Барлық мәміле ел ішінде жүрген. Баланы сатқандар да, оны сатып алғандар да жауапкершілікке тартылады", — деді ол.

Полицейдің айтуынша, сәбиден бас тартатындардың арасында қалаға келіп, ауыр жағдайға тап болған қыздар бар. Кейбір отбасылар да нәрестені асырай алмайтындықтан осындай қадамға барады.

Ресми дерек бойынша баланы заңсыз сату мәмілесінің орташа бағасы 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget