Испания алдағы үш жылда 900 мың мигрантты заңдастыратын болды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жақында күшіне енген көші-қон реформасы аясында жүзеге аспақ. Сондай-ақ Испаниядағы шетел студенттеріне бір аптада 30 сағат жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі және оқу визасы 3 айдан 12 айға дейін ұзартылады. Мигранттарға қатысты жаңа реформада маусымдық жұмысшылар, үй қызметшілері, жалпы әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың құжатын заңдастыруға қатысты жеңілдіктер енгізілді.
Былтыр Испанияға құжаты жоқ 54 000-нан аса мигрант келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 15% артық. Жалпы ел аумағында құжатсыз жүргендердің нақты саны белгісіз, болжам бойынша 700 000 жуықтайды. Испания үкіметі 3 жылға арналған жаңа реформа аясында жыл сайын шамамен 300 000 мигрантты заңдастыруды жоспарлап отыр. Нәтижесінде 2027 жылға қарай 900 000 адам ресми мәртебеге ие болады. Тілі мен мәдениеті ортақ және шекара жақын болған соң Испанияға көбіне Колумбия, Венесуэла, Мароккодан мигранттар ағымы тоқтамайды. Дегенмен Румыния, Франция сияқты Еуропалық Одақ елдерінен де Испанияда ұзақ мерзімге қалып қойғандар көп.
Хосеба Лоизате, Барселона университетінің профессоры:
- Рұқсатсыз еңбек миграциясы – Испанияның ең өзекті проблемасы. Әсіресе теңіз арқылы күн сайын мыңнан астам африкалық босқындар келеді. Алайда шекараны заңсыз басып кірген босқын мен бастапқыда құжатпен кірген мигранттар арасында үлкен айырмашылық бар. Олардың елге келу себептері мен құқықтық мәртебесі өте маңызды. Жаңа көші-қон реформасы бастапқыда заңды жолмен келіп, кейін құжатсыз қалып қойған мигранттардың құқығын қорғайды.
Испанияның жаңа миграциялық реформасы елдің демографиялық және еңбек нарығындағы мәселелерді шешуге бағытталған. Бұл шаралар мигранттардың құқықтарын қорғауды, әлеуметтік интеграцияны және экономикалық өсімді қамтамасыз етпек. Реформа шетелдік студенттерге де визалық жеңілдікті 3 айдан 12 айға дейін ұзартыруды қарастырды. Яғни студенттерге арналған визалар оқу мерзімі бойы жарамды болады, жыл сайын жаңарту қажет емес. Оқып жүрген студентке аптасына 30 сағат жұмыс істеуге рұқсат етілді.
Гемма Хименес, заңгер:
- Маусымдық еңбек етуге келгендер үшін де арнайы әлеуметтік және жұмыс лицензиясы қарастырылған. Мысалы, Мароккодан қызанақ теруге тартылғандар көп, алайда оларды жалдап отырған компания салық төлеуден қашып, еңбек адамын түрлі себептермен құжатсыз қалдыруы мүмкін немесе құрылысқа келісімшартсыз жегіліп жүрген колумбиялықтар көп. Енді олардың құжаттарын оңайлату шаралары енгізіліп, компаниядан міндетті түрде еңбек шарты талап етіледі.
Бұл реформа ЕО стандарттарына сай және экономикалық қажеттіліктерге негізделген. «Алайда 20 мамырда күшіне енген заң жобасы әлі де толық қарқын ала алмай отыр», – деп сынайды қоғамдық ұйымдар. Бір мигранттың құжаты 30 айға дейін ұзақ қаралып, оны реттейтін маман тапшылығы анық сезіліп отыр.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач